Өгей қызын зорлап келген ақсулық азамат өмір бойына бас бостандығынан айрылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ер адам кәмелет жасына толмаған қызбен бірнеше рет күш қолдану арқылы жыныстық қатынасқа түскен.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 13 жасар қыз балаға қатысты өгей әкесінің зорлықпен бірнеше рет жыныстық қатынас жасау дерегі бойынша қылмыстық істі қарады.
Ақсу қаласының тұрғыны қызды кішкентай шағынан тәрбиелеген. Кәмелетке толмаған жеткіншекті зорлықпен төсек қатынасына тарту дерегі 2024 жылдың қыркүйек айында және 2025 жылдың қаңтарында тіркелген. Алғашқы зорлық оқиғасында қыздың жасы небәрі 13-те болған.
- Сотталушының кінәсі жәбірленуші қыздың айғақтарымен, куәлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдермен дәлелденді. Сотталушымен жасалған қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады және ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 4-бөлімі бұл жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын ғана қарастырады,-деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Істің мән-жайын және сотталушының жеке бас жағдайларын ескере отырып, сот оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтейді.
Еске сала кетейік, есту қабілеті бұзылған қызды зорлаған Шымкент тұрғыны 8 жылға сотталды.