«Oil Transport Corporation» кәсіпорнындағы тексерістен кейін үш басшы сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында мұнай-газ саласындағы қаржы жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Өткен жылы Маңғыстау облысы прокуратурасы мұнай-газ кәсіпорындарында тексерулер жүргізді. Тексеріс нәтижелері бойынша «Oil Transport Corporation» ЖШС қызметінде жабдықты қабылдау кезінде бұзушылықтар анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.
— Тергеу аясында 3 адам ұсталды, оның ішінде кәсіпорын мен мердігер компания басшылары да бар. Сот барлық тұлғаларды кінәлі деп танып, әртүрлі жаза түрлерін тағайындады. Атап айтқанда, кәсіпорын бас директорының орынбасары лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеті үшін сотталды. Сот оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Мердігер компанияның екі өкілі әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды, — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, соттың қылмыстық істі мәні бойынша қарауы барысында сотталғандар 250 млн теңге көлемінде шығынды өтеген. Үкім заңды күшіне енді.
Бұдан бұрын Ақтауда «ҚазАзотқа» атмосфераны ластағаны үшін 8,5 млн теңгеге айыппұл салынғанын жазған едік.