ОҚО әкімі Қытаймен туризм саласындағы ынтымақтастықты талқылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй мырза бастаған қытайлық консулдық өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО әкімі Қытаймен туризм саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Тараптар кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туризм саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын кеңейту мәселелерін талқылады.

Өз кезінде облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, болашақтағы даму мүмкіндіктері мен қолға алынып жатқан іргелі жобалар туралы баяндады. Қазақстан мен Қытай арасында стратегиялық серіктестік пен түрлі салаларда тығыз қарым-қатынас орнағанын айтқан облыс әкімі ширек ғасырда екі мемлекеттің сенімді және мазмұнды диалогы орнатылғанын жеткізді.
null

«Бүгінде екі елдің экономикалық ынтымақтастығы айтарлықтай алға жылжып, қос елдің арасындағы қарым-қатынас нығая түсті. Мәселен, Қазақстан мен Қытай арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің шеңберінде елімізде 51 жоба жүзеге асырылуда»,-деді аймақ басшысы.

nullӘкім сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қытайдың өңірлері арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндіктер бар екеніне сенім білдіріп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп және туризм саласында әріптестік байланысты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Ал, Бас консул бұл оңтүстік өңіріне жасаған төртінші сапары екенін айта келе облыстың барлық бағыттар бойынша дамып жатқанына куә екенін айтты.

«Оңтүстік Қазақстан елдегі көптеген көрсеткіштер бойынша көш ілгері екендігін бәрі біледі. Мұнда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Сондықтанда екі тараптың мүдделеріне сай келетін бірқатар ұсыныстарды жеткізсем деймін. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу саласы мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, энергия көздерін дамыту және қалалық және нарықтық инфрақұрылым құрылысы аясындағы ынтымақтастықты кеңейту»,-деді Чжан Вэй.

Облыс әкімі жалпы екі тараптың да әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан өз тиімділігін көрсететін бұл ұсыныстарды қолдайтындығын айтып, екі елдің Мемлекет басшыларының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолын» жаңғырту жобаларын сапалы орындау бағытында ынтымақтаса жұмыс істеуге ниет білдірді.