ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы насихат тобымен кездесті
«Біздің ел 1929-1940 жылдары латын әліпбиін қолданып, бастан өткерді. Демек, біз латынға қайта ораламыз. Латын әліпбиі арқылы біз түркі халықтарына тілдік тұрғыдан жақындап, рухани жағымыздан кемелдене түсуімізге жол ашамыз. Әрине, еліміз үшін тәуелсіздік, туған жер, ұлттық құндылық қасиетті ұғымдар. Міне, бұл тұрғыда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мемлекеттік, ұлттық мәселелердің шешімі айтылды. Ендеше барлығымыз жұмыла кірісуіміз керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Кездесу аясында сөз алған белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров: «Латынға оралу - саяси қадам, оңды шешім әрі тарихи оқиға» деген пікір білдірді. Басқосқандар жаңа әліпби турасында ойларын ортаға салды.
«Латын әліпбиіне көшуден еш қорықпауымыз қажет. Ең бастысы, саяси шешім қабылданды. Енді ары қарай оны жүзеге асыруға кіріскеніміз жөн», деп атап өтті Әміржан Қосанов.
Бұдан бөлек, Талғат Қалиев топтың негізгі мақсатын айта келе, еліміздегі жастарға арналған орталықтардың жұмыс істеу жүйелерінің жаңарып жатқандығын жеткізді.
Кездесу соңында облыс басшысы арнайы келген қонақтарға алғыс білдіріп, жұмыстарына сәттілік тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті.