ОҚО: Батыс Еуропа - Батыс Қытай жолының бойындағы 348 нысан халықаралық стандартқа сай салынбаған
Басқарма басшысының сөзінше халықаралық көлік дәлізінің бойында (үш бағытта) 18 елдімекен, яғни, 500-ден аса жеке тұрғын үйлер мен 41 жанар-жағармай құю бекеттері орналасқан. Ондағы жеке тұрғын үйлердің қас-келбеттерін жаңалау мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар енгізіліп отыр. 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық стандартқа сәйкес барлық нысандардың құрылыс заңдылықтарын сақтай отырып, талапқа сай болуын қамтамасыз ету көзделуде.
Еркін Жүсіпов сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік автодәлізінің бойында жолаушыларға қызмет көрсететін 21 туристік нысан салынатынын атап өтті. Сервистік қызмет көрсететін әрбір туристік нысанға шамамен 10 немесе 20 гектар жерден бөлінетін болады. Бүгінде халықаралық стандартқа сай келетін туристік қызметтердің құру жөніндегі жоба егжей-тегжейлі жоспарланып жасалынуда екен.
Сонымен қатар, брифингте «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бас инженері Нұрбол Мыңжасаров «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің облыс арқылы өтетін бөлігінің ұзындығы 372,5 шақырымды құрайтынын атап өтті.
«Облыс аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізінің бөліктері 2016 жылы Шымкент-Тараз, 2017 жылы Шымкент-Ташкент бағыттарының құрылысы толығымен аяқталуы жоспарланған. Осыған орай, қазіргі таңда, жол бойындағы құрылыстардың заңдылығын сақтауды бақылау және реттеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары бойынан бөлінген белдеу шегінде (70м.) ғимараттар мен құрылыстар салуға, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар төсеуге тыйым салынады», - деді Нұрбол Мыңжасаров.