ОҚО-да 10 мыңға жуық адам өрт сөндіру жұмыстарына жұмылдырылған
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 10 мыңға жуық адам өрт сөндіру жұмыстарына жұмылдырылған. Бұл туралы өңірдің ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Нұрғали Жүнісов мәлімдеме жасады. Оның сөзіне қарағанда, дала алқаптарындағы өрттерді сөндіру үшін жұмылдырылатын барлық күштер мен құралдарға жалпы 37 миллион 163 мың теңге қаржы бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ал облыс аумағында орман және дала өрттерін дер кезінде анықтау мақсатында ғарыш мониторингіне жалпы 6,5 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті мекемемен келісімшарт түзіліпті. Бұл жұмыстарға еріктілерден өрт сөндіру құрылымдары құрылған. Онда 10 мыңға тарта адам жұмылдырылып отыр.
«Орман-дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында ауыл округтерінде жалпы 9281 адамдардан тұратын 825 ерікті өрт сөндіру құрылымдары құрылды. Бүгінгі күні облыс аумағында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары, теміржол бойы мен егіс алқаптарында өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде. Жолақтардың сапалы жүргізілуін қадағалу мақсатында облыстан арнайы комиссия шығып бақылауда»,-деді Нұрғали Жүнісов.
Еске салайқ, бұған дейін өңірде орман, дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша өзара іс-қимыл өрт-тактикалық жаттығулары өткізілген болатын. Онда күрделілігі түрлі деңгейдегі жалынды ауыздықтау кезінде жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарымен жергілікті полиция қызметі, медициналық қызметпен және төтенше жағдайлар қызметімен іс-қимыл жасау әрекеттерін меңгеру, қарым қатынасты жетілдіру пысықталды. Жаттығуға орман дала өрті болған жағдайда жоспарға сәйкес жұмылдырылатын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы Шымкент, Түркістан қалаларында, Бәйдібек, Созақ, Арыс, Отырар және Шардара аудандарында орналасқан 6 өрт сөндіру автоцистерна мен 22 қосалқы техникалар, тіркемелі бөшкелерімен 3 тн. суы бар және соқасымен барлығы 12 тракторлар, жеке құрамнан 110 адам, Төтенше жағдайлар департаментінен 6 адам жеке құрамымен 1 өрт сөндіру автоцистернасы, 1 медициналық қызмет көрсету автокөлігі және жергілікті полиция қызметінің патрульдік автокөлігі тартылды. Барлығы 43 техника мен 123 адамды құраған болатын.



