ОҚО-да 130 мүмкіндігі шектеулі жанға қоларба табыс етілді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында 130 мүгедекке қоларба табыс етілді. Бұл туралы аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлжан Досова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
56 жарымжанға қоларба сатып алу үшін тиісті қаражат облыстық қазынадан қаралса, қалған 74-не аудандық бюджеттен бөлінген. Ауданда әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде тіркелген 97 қарияға 23 маман бекітілген.
Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 95 бала және 18 жастан асқан, жүйке ауруымен ауыратын 12 адамды есепке алынған. Бұл азаматтарға 20 әлеуметтік қызметкер тұрақты қызмет көрсетуде. Түркістан аймақтық мүгедек балаларды оңалту орталығына 24 балаға жолдама берілді. Үйлерінде сабақ алатын 131 мүмкіншілігі шектеулі оқушыға 2016-2017 оқу жылында 2 миллион 80 мың теңге жәрдемақы тағайындалып, толығымен төленді.
Алмас Сұлтан