ОҚО-да 14 машина-тракторлар стансасы құрылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО-да 14 машина-тракторлар стансасы құрылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайтуды, экспортқа шығаруды қамтамасыз етуде ұсақ тауар өндірушілердің мәселелерін кешенді шешу үшін, ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, облыста кооперативтерді құру белсенді жүргізілуде.
Бүгінгі күнге облыста 8 мыңнан аса ұсақ фермерлік шаруашылықтар 81 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерге бірігіп, жұмыс атқаруда. Олар даму бағыттары бойынша 19 бірлік мақта шаруашылығы, 30 бірлік астық, 4 бірлік сүт өндірісі, 13 бірлік ірі және ұсақ мал шаруашылығы, 3 түйе шаруашылығы, 3 жүгері өсіру, 4 жылыжай, 5 тағы басқа шаруашылықтардан құралып отыр.
Сонымен қатар, биылғы жылы облыста 14 машина-тракторлық стансасы құрылған. МТС-тер құрамында 108 доңғалақты тракторлар, 7 шынжыр табанды тракторлар, 28 астық оратын,9 жем-шөп оратын, 4 жүгері оратын комбайндар мен 186 басқа техникалар бар.