ОҚО-да 22 млрд. теңгенің дәрісі өндіріліп, оның 70 пайызы шетелге экспортталған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі  «Химфарм» зауыты 2016 жылы 22 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, оның 70 пайызын шетелге экспорттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ОҚО-да 22 млрд. теңгенің дәрісі өндіріліп, оның 70 пайызы шетелге экспортталған

Парламент Мәжілісі бюросының шешімі бойынша құрылған арнайы комиссия Оңтүстік Қазақстан облысындағы отандық дәрі-дәрмек өндіретін бірнеше кәсіпорынды аралады. Дегенмен, депутаттар Қазақстанда өндірілген фармацевтикалық препараттар халықтың қажеттілігін толық өтей алмай отырғанын жеткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облысқа арнайы келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрайымы Лариса Пактың  сөзінше ел нарығындағы дәрі-дәрмектердің сапасын қатаң тексеру үшін мықты заңдық жүйе керек. Министрлік өкілінің пайымынша, Қазақстанда сатылатын дәрі-дәрмектердің атауы 70 мыңға жуық. Ал, оның 54 пайызы ғана тексеріліп үлгеріледі.  Тығырықтан шығар жол - отандық дәрілердің үлесін арттыру, - дейді маман.

Дәрі-дәрмекке сұраныс артқан сайын Қазақстандағы фармацевтика саласына  шетелдік трансұлттық компаниялар көптеп еніп жатыр. Бұл қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың тынысын тарылтуда.  Сондықтан, Үкімет алдындағы міндетті меже - отандық дәрі-дәрмектер үлесін  50 пайызға жеткізу болып отыр. Дегенмен соңғы 3 жылда түстік өңірдің фармацевтикалық әлеуеті 2 есеге артқан. Осыдан 20 жыл бұрын елде фармацевтика кластерін дамытуға баса мән берген Елбасы бұл саланы жіті бақылауда. Сол себепті, 2017 жылы күнгейлік кәсіпкерлер 5 жобаны іске қосуға ниетті. Бір ғана «Химфарм» АҚ заманауи стандартқа сәйкес келетін қатты дәрілік формалар мен стерильді емес ерітінділердің жаңа түрін өндірмекші.

Айта кетейік, өңірде 1655-ке тарта дәріхана бар. Алайда 836 елді мекеннің 230-ында дәріханалар тапшылығы сезіледі. Фармацевтика саласының мамандары 18 ірі дәріханалар жүйесінің басшыларына осы мәселені алдағы бір жылда толық шешуді тапсырды.