ОҚО-да 50 мың бас шабақ су қоймасына жіберілді

Созақ ауданына қарасты «Бабата» су қоймасына тұқы балықтарының шабақтары жіберілді. Бұл игі бастама «2015-2016 жылдарға арналған облыста балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы негізінде қолға алынған.
Созақ ауданы әкімінің кеңесшісі Берік Әшірбеков, аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Ғабит Елбергенұлы, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмат Алтыбай, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ә.Сахиұлы және «Kaz.Cold.Fish» ЖШС директоры Дінмұхаммет Қазақбаевтар мұрындық болған бұл кәсіпке облыстық бюджеттен 400 млн теңге қарасытырылған.
«Бұл бастаманы 2014 жылы қолға алған болатынбыз. Бастапқыда әкімдікпен келісім шартқа отырдық. Одан кейін Тараз қаласындағы балық шаруашылығымен айналысатын мамандармен байланысып, әр данасына 50 теңгеден төлеп 100 мың бас тұқы тұқымдас шабақ әкеліп жібердік. Бүгін 50 мың бас шабақ жіберіп отырмыз. Өткен жылдары жіберілген балықтар алдағы күзде алғашқы жемісін береді деген үміттеміз», - дейді шаруашылық басшысы Д.Қазақбаев.
Болашақта мұнда балық өнімдерін өңдейтін арнайы цех ашылып, 15 адамды жұмыспен қамту жоспары бар. Ал дайын өнімдер ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады деп күтілуде.