ОҚО-да 7 индустриалдық аймақ табысты жұмыс істеуде - Бейбіт Атамқұлов

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Өсім бойынша ОҚО республикада алдыңғы қатарда. Бұл туралы бүгін Елбасының жүктеген функциялары мен міндеттерінің орындалуы бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдындағы есебінде ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

ОҚО-да 7 индустриалдық аймақ табысты жұмыс істеуде - Бейбіт Атамқұлов

«Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес, облысымызда мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі іске асырылуда. Өңіріміздің алдағы 5 жылға арналған даму бағдарламасы талқыланып, бекітілді. Бүгінде, облыста 7 индустриалдық аймақ табысты жұмыс істеуде (Шымкент, Кентау, Түркістан, Созақ, Түлкібас, Мақтаарал, Казығұрт). Сонымен қатар, 4 индустриалдық аймақтың инфрақұрылымдарының құрылысы жүргізілуде. Жалпы индустриалдық аймақтарда 52 жоба іске асырылып, 4 025 жұмыс орны құрылды»,-деп тоқталды өңір басшысы.

Атап айтқанда, «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында 27 млрд теңгеге 16 жобаны іске қосып, 845 жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл басынан 2 жоба іске қосылып, 74 жұмыс орны ашылды.

«Бағдарлама аясында бюджетке түскен салықтардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 804 млн. теңгеге артып, 5,4 млрд теңгені құрады. 6 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 384 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 5,3% артты. Өсім бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда», - деді Б. Атамқұлов.