ОҚО-да Алаш автономиясының 100 жылдығына орай жиын өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Киелі Отырар жерінде ұйымдастырылған конференцияда алыс-жақын шетелдер мен Алматы, Астана қалаларының ғалымдары бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған шара ғалымдардың Қожа Ахмет Ясауидың рухына тағзым етіп, кесененің қазіргі келбетін көріп шығуынан басталды. Ал, арнайы конференцияда Алаш зиялыларының ержүректігі мен отансүйгіштігін ерекше еске алды. Олардың өмірі мен қызметі осы оңтүстік өңірімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Айтулы шараға ғалым, академиктерден бөлек, журналистер мен ақындар да қатысты. Олар ұлттың ұлы перзенттерін танып, білу, оларды ардақ тұту бүгінгі ұрпақтың азаматтық міндеті деп ерекше тоқталды.
Отырар жерінде сондай-ақ Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларының рухына арнап, құран бағышталды. Қонақтарға салтанатты қонақасы берілді.
Жалпы, қасиетті мекенде өрбіген шара елдің дәстүрін дәріптеп, рухани жаңғыруды негізге алды. Ұлт тарихын, демократияшыл мемлекеттің негізін қалаушылардың бірі ретінде Алаш зиялылары ұлт жадында мәңгі сақталатыны сөз болды.