ОҚО-да алғаш рет жас отбасылар мектебі ашылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет «Шаңырақ» жас отбасылар мектебі ашылды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан ашылған  мектеп жастарға ғана емес, жас отбасылар мен болашақ келіндерге, отбасын құруды ниет еткен жігіттерге де кеңес беріп, қызмет көрсетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Орталықтың ашылу салтанатына жазушы, қазақы салт-дәстүрлерімізді насихаттаушы Зейнеп Ахметова қатысып, жас отбасылар мектебінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Онда келген жас келіндердің бүлдіршіндерінің тұсауын кесті.

Жалпы «Шаңырақ» жас отбасылар мектебі пилоттық жобасы жас жұбайлардың санасына отбасылық құндылықтардың маңыздылығын сіңіру мен жанұяның беріктігін сақтау мақсатында ашылып отыр. Сондай-ақ мұнда жас отбасылардың белсенді әлеуметтік ұстанымын қалыптастырып, құқықтық және медициналық сауаттылығын арттыру көзделуде.

Бүгінде еліміздегі ажырасып жатқан әрбір төртінші отбасының осы оңтүстік өңірінде болуына байланысты орталықта бұл проблемаға талдау жасалып,  оны болдырмау шаралары қолға алынбақ.

Сала мамандарының сөзінше, мектептің жұмыс істеу жүйесі бірнеше қадамнан тұрады. Алдымен, отбасын құруға сөз байласқан 29 жасқа дейінгі жұп «Неке сарайына» некеге тұру туралы өтінім береді. Онда АХАЖ бөлімі жас отбасылар мектебінің 32 сағаттық оқыту курсынан өтуге жолдама беріп, жастар психологиялық, заңгерлік, медициналық кеңестер мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызға қанығып, аспаздық (қыздар) және қолөнер шеберлігіне (ерлер), сондай-ақ, биге қатысады.

Мұнан бөлек, тақырыптық тренингтер мен шеберлік сабақтарынан өткен жұпқа арнайы сертификаттар табысталып, «Неке сарайынан» неке туралы куәлікпен қоса, арнайы Love story фотосессиялары мен отбасы бақыты туралы кітаптар, көркемфильмдер сыйға тартылады.

Нәтижесінде, жас отбасылар мектебінен өткен жұбайлар  үйлесімді жанұя болуға, отбасында кездесетін күйзелістерге төтеп беруге,  құқықтық және медициналық тұрғыдан сауаттылығын жетілдіруге, болашақта ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бейімделеді деген болжам бар. Ал көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін болады.

Соңғы жаңалықтар