ОҚО-да анасы өлімші етіп сабаған 7 жасар бала балалар үйіне орналастырылуы мүмкін

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында анасы өлімші етіп сабаған 7 жасар бала балалар үйіне орналастырылуы мүмкін. Қазір өңірдің білім саласы қызметкерлері өз баласына қол жұмсаған әйелді аналық құқығынан айыру үшін тіисті құжаттар рәсімдеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО-да анасы өлімші етіп сабаған 7 жасар бала балалар үйіне орналастырылуы  мүмкін

Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Майхан Нақыповтың сөзіне қарағанда, қазір аудандық  кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер жөніндегі комиссияға анасынан жәбір көрген Асыл Батталғазиевты балалар үйіне орналастыру жөнінде ұсыныс беріліпті.

«Асыл облыстық балалар ауруханасынан жазылып шыққан күні дәрігерлер бізге арнайы хатпен шығады. Қазіргі кезде біз анасын аналық құқынан айыру жөнінде аудандық комиссияға ұсыныс беріп қойдық. Сосын барлық құжаттарды рәсімдеп болған соң, материалдарды сотқа өткіземіз. Бала ауруханадан шыққан жағдайда уақытша бейімдеу орталығында болады.  Кейіннен анасын ата-аналық құқынан айыру процесі өткеннен соң біз баланы балалар үйіне орналастырамыз», - дейді М. Нақыпов.

Әзірге жеті жасар Асыл облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда. Дәрігерлер оның жағдайы түзеліп келетінін айтады. Десе де сала мамандары науқас жеткіншекті ауруханаға түскенге дейін мүгедек болып қалған деп отыр. Бір аяғы мен бір көзінің ақауы мен  ой-өрісі жақсы дамымай, тілінің кемістігі болған дейді.

«Баланың науқастары мен мүгедектігі бізге келгенге дейін болған. Ал, анасының соққысы оның ауруын асқындырып жіберген. Алайда қазіргі кезде оның беті бері қарап, жағдайы түзеліп келеді. Бірақ аз уақыт аралығында оны толықтай емделіп кетеді деп айту қиын. Балаға жылдар бойы емделуге тура келеді», - дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.

Еске салайық, өткен айда Ордабасы ауданында 7 жасар баланың ес-түссіз, ауыр халде ауруханаға түскені мәлім болған . Ол кезде өңірдің тәртіп сақшылары жеткіншекті туған анасы сабап тастаған деген күдік бар екенін айтқан еді. Кейіннен осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің  107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Балаға қатысты бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда күдікті ретінде анықталған баланың 26 жастағы анасына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.