ОҚО-да «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі іске қосылады

 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен ОҚО  Кәсіпкерлер палатасы және «Ордабасы» индустриалды аймағы бірлесіп,  «Шымкент шина жасау зауыты» аумағындағы өндіріс нысандарында жаңа кәсіпорындар құру жобасын қолға алды.  
None
None

Нәтижесінде «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылып,  кәсіпкерлерге бірқатар тегін қызметтер жиынтығын ұсынғалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қала сыртында орналасқан өндіріс орнында ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінен өзге барлық салалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Онда тауарларға арналған қойма да бар.  Бүгінде паркте 5 жоба іске асырылып жатыр. Индустриалды паркін көріп қайтқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев зауыттың аумағында  бірқатар жаңа кәсіпорындар құру мақсатында өндіріс нысандарын кәсіпкерлерге екі айға тегін беру ісін қолға алып, жеңілдетілген баға саясатын ұсынған жөн екенін айтты. Тегін қызметтер жиынтығын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Ал, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтің сөзінше, индустриалды паркі кәсіпкерлерге заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетіп, оларды бизнес саласында оқытуды да қолға алады. Сондай-ақ, аталмыш мекемеде кәсіп ашқысы келетіндерге ақпараттық және PR қолдау көрсетіліп,  жарнамалау, қаржы көзін тартуға атсалысу, бизнес-жоспар жасау сынды тегін қызметтер көрсетіледі.      

   Өңір басшысы мұнан соң Шымкенттегі қорғасын зауытына барып, өндіріс аумағының бүгінгі жағдайымен танысты. Кезінде алпауыт өндіріс орны болған зауыттың цехтары бүгінде жұмыс істемей тұрғанын көріп, өз пікірін білдірді.   

 «Қорғасын зауытының болашағы түсініксіз. Сондықтан алдағы уақытта екі зауытты да тиімді пайдаланудың тетіктерін ойластырған жөн. Егер мүмкін болып жатса, ондағы жер телімдері мен өндіріс ошақтарында жаңа өндіріс орындарын ашуды қолға алуымыз  керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

 Айта кетейік, 2010 жылдары «Оңтүстiкполиметалл ӨК» акционерлік қоғамы мен «Қазақмыс» корпорациясы және «А-Мега трейдинг» ЖШС-нің үшжақты келісімі негізінде қорғасын зауыты толыққанды жұмысқа көшкен болатын. Алайда, өнеркәсіп орнының жұмысы қайта тұралап, банкротқа ұшырады. Бүгінде зауыттың бірқатар ғимараттары  банкте кепілдікте тұр.

2 3 4 

Соңғы жаңалықтар