ОҚО-да ауыл әкімдері мерекеден көлік мініп қайтты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Астана күні» мерекесінде ауыл әкімдері көлік мініп қайтты. Мақтарал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Елімнің жүрегі - Астана!» атты мерекелік гала-концертте аудан әкімі «Үздік ауылдық округ» байқауының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО-да ауыл әкімдері мерекеден көлік мініп қайтты

Ауданда осы жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында «Үздік ауылдық округ» атты абаттандыру тақырыбында байқау жарияланған болатын. Ауыл аумақтарын көркейту, көгалдандыру, тұрғындар арасында санитарлық тазалықты насихаттау және ынталандыру мақсатында өткізілген шараға барлық ауыл әкімдіктері қатысты. Оның қортындысы бойынша «Асықата» өңірі бойынша бірінші орынды Ш. Ділдәбеков ауылдық округі иемденсе, екінші орынды «Ж. Ералиев», үшінші орынды «Атамекен» ауылдық округтері алды. Ал «Мырзакент» өңірінен «Ж.Нұрлыбаев», «Мақтарал» және «Бірлік» ауылдық округтері үздік атанды. Сондай-ақ, «Жетісай» өңірі бойынша «А.Қалыбеков» ауылдық округі мен «Жаңа ауыл» ауылдық округі, «Қарақай» ауылдық окрутері лайық деп танылды.  Жүлде қоры ретінде  бірінші орын алғандарға - қызметтік жеңіл автокөлік, екінші орындарға - 300 мың теңге, ал үшінші орындарға - 100 000 теңгеден берілді.

Мерекелік кеште аудан әкімі Ғалым Исмаилов сөз сөйлеп, жыл сайын ерекше тойланатын «Астана күні» мерекесімен мақтаралдықтарды құттықтады және белгілі әншілер «Астана» туралы әндерді шырқады. Жиынның соңы мерекелік отшашуға ұласты.

2 3 4