ОҚО-да ауылдардағы тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізіле бастады
Састөбе елді мекеніндегі тұрғын үйлер кезінде цемент шығаратын зауыттың жұмысшыларын баспанамен қамту мақсатында салынған болатын. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары састөбеліктер шетінен пәтерлерін жекешелендіріп алды. Содан бері тұрғын үйлердің түйіткілдері оңтайлы шешілмей келіпті. Шатырдан су ағып, су жүйелері мен электр желілері жарамсыз күйге түскен. Енді бұл баспаналар жаңғырту бағдарламасының арқасында жөнделе бастады. Үйлердің шатыры ауыстырылып, қасбеттері жаңартылды. Кәріз жүйелері де қалпына келтіріліп, әрлеу жұмыстары да жүргізілген. Жөндеу шығындары 35 млн теңгеден асып жығылды дейді жергілікті атқамінерлер.
«Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұрындары мердігер мекемелерден мәселе туындайтын, сондықтан құнтты құрылыс компаниясын таңдадық, жұмыстарды жүргізуге бір жылдай уақыт кетеді. Сметасы жасалынған, қазір қаржыны күтіп отырмыз», - дейді Састөбе елді мекенінің әкімі Ерлан Күзембаев.
Састөбе елдімекенінде әлі жөндеуді қажет ететін бірнеше тұрғын үй бар. Әкімдік өкілдері алдағы уақытта тозығы жеткен нысандарды, баспаналарды жаңғырту бағдарламасына енгіземіз деп жоспарлап қойыпты.