ОҚО-да Азия чемпионы Ермек Қалымбетовтің бенефис-шоуы өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қоларба биінен Азия чемпионы Ермек Қалымбетовтың бенефис-шоуы өтті. Өнерлі жан «Өмірім мен өнеріме ғашықпын» атты кешінде көрерменге өзінің бірнеше әндерін тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да Азия чемпионы Ермек Қалымбетовтің бенефис-шоуы өтті

«Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған кездесу Облыстық жасөспірімдер кітапханасында өтті. Кешті ақын, Халықаралық Физули сыйлығының иегері Құрал Көмек ашып, өнер иесіне деген лебізін білдірді. Жастарға үлгі болатын ерекше дарын иесінің өнегелі ісіне тоқталып өтті.



Кеш барысында Ермек Қалымбетовтың өмірі жайлы бейнеролик көрсетіліп, әндері шырқалды. Әуезді әнімен, биімен танылған талантты жастың «Ассалаумағалейкум», «Бағдаршам», «Аллаға шүкір» әндері орындалды. Сондай-ақ би өнеріне етене жақын талант иесі әріптесі Айжан Жакулаевамен бірге «Долго», «Жаном-жаном», «The show must go on» әндеріне мың бұрала биледі. Ол мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан алдыға қойған мақсаттарының қаншалықты биік екенін өнері арқылы паш ете білді. Дарыни есі осы әрекеттері арқылы өскелең ұрпақтың өмірге деген құштарлығын арттырып, жігерін жани түсті деуге болады.

«Негізі мен биші емеспін, биге деген қызығушылық спортпен айналысып жүргенімде оянды. Бос уақыттарыңызды зая кетірмей, дендеріңіздің, тәндеріңіздің сұлу болуына жұмыс жасаңыздар»,-деді қоларба биі түрінен Азия чемпионы.

Ермек Қалымбетовтың өнерін қолдап жүрген ата-анасы кеш барысында ұлына деген жылы лебіздерін айтып, жақсы тілектерін жеткізді. Оның өнерде жүрген достары да әндерін шырқап, кештің сәнін келтірді. Кездесу соңында өнер иесі көпшілікке «Қимай тұрмын» әнін орындап, қимастық сезіммен қоштасты.