ОҚО-да бақылаушы топ дәріханалардағы дәрілердің бағасын қарап шықты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен дәріханаларға пресс тур ұйымдастырылды. Сала мамандарынан құрылған бақылаушы топ халық ең көп қолданатын 150 дәрінің бағасын қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да бақылаушы топ дәріханалардағы дәрілердің бағасын қарап шықты

Қазіргі күні облыста 852 дәріхана бар болса, оның басым бөлігі Шымкент қаласында орналасқан. Пресс тур барысында топ мүшелері  «Europharma», «Зерде - фарма» ЖШС-не қарасты «Здоровье» және «ЮгМедФарм» компаниясының «Аптека 03» дәріханаларын  аралап көрді. Үш компанияның да дәріханалар желілерінде меморандумға сәйкес бекітілген дәрі-дәрмектердің тізімі ілініп қойыпты. Бұл тізімге халық жиі сатып алатын, ауырсынуды, дене қызуын басатын медициналық препараттар кірген болатын.   Сала мамандары ол дәрілердің қандай бағада сатылып жатқанын, бекітілген бағамен сәйкес келетіндігін салыстырып қарады. Белгілі болғандай, препараттар барлық дәріханаларда меморандум аясында бекітілген бағамен саудалануда екен.

Айта кетейік, жуырда ғана  ОҚО әкімдігі мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Даму» фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығы арасында халық ең көп тұтынатын дәрілерді қымбаттатпау туралы  меморандумға қол қойылған болатын.  Меморандум аясында халық ең көп қолданатын 150 дәрі-дәрмектің тізімі бекітіліп, олардың бағасы жыл соңына дейін өзгермейтін болып келісілді.  Бұл шара өңірдегі  дәрі бағасын қалыпты түрде ұстау мақсатында қолға алынған еді. Бекітілген тізімде  жүрек, қабынуға қарсы, анальгетиктер, антигистаминдер, асқазан мен гипотензивті препараттар, көз жəне құлақ тамшылары мен дəрумендер енгізілген.