15:25, 04 Тамыз 2017 | GMT +5
ОҚО-да баланы ұрған деген күдікпен тәрбиешіге қатысты тексеру тағайындалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында баланы ұрған деген күдікпен балабақша тәрбиешісіне қатысты тексерулер тағайындалды. Бұл туралы өңірдің ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Салтанат Қаракөзованың сөзінше, күні кеше Мақтарал аудандық полиция басқармасына 5 жасар баланың ата-анасынан арыз түскен. Онда Асық ата кентіндегі жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланы ұрып, денесінде көгерген іздері қалғаны көрсетілген. Әрі мұндай тәртіпке салу әдістері бір емес, бірнеше қайталанып отырғанын айтқан.
«Бізге баланың 27 жастағы анасы арызданды. Біздің қызметкерлер арызды қабылдап алды. Сол күні кешеден бастап бұл балабақшада тексеру шаралары тағайындалды. Баланың денесіндегі көгерген іздері бойынша бірқатар сот-медициналық сараптамалар да жүргізілетін болады. Сол сараптамалардың қорытындысы бойынша нақты шешім қабылданады»,- дейді Салтанат Қаракөзова.