ОҚО-да баласын сабап тастаған ананың 10 айлық қызы да мемлекет қамқорлығына алынады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында туған анасынан таяқ жеп, ауыр халде ауруханаға түскен балаға қатысты жаңа деректер пайда болды. 7 жасар Асылдың шешесі ресми түрде баласынан бас тартып, Ордабасы аудандық білім бөліміне аналық құқығынан айыруға келісім беретіндігі жөнінде тілхат жазып берген. Бұл туралы бүгін білім бөлімінің қамқоршылық мәселелері жөніндегі әдіскері Бақберген Сәрсенбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО-да баласын сабап тастаған ананың 10 айлық қызы да мемлекет қамқорлығына алынады

Әдіскердің сөзінше, қазір Асылдың мәселесіне қатысты құжаттар облыстық кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын сотқа ұсынылды. Бұдан бөлек, Ордабасы аудандық ішкі істер басқармасынан ол әйелдің он айлық қызын да мемлекеттік қамқорлыққа алу жөнінде ұсыныс хат түскен. Яғни, өңірдің полицейлері бүлдіршінді туған анасы тәрбиелей алмайды деген шешімге келген.

«Осы хат негізінде Ордабасы аудандық білім бөлімі тарапынан 10 айлық қызды да тиісті жерге орналастыру жөнінде құжаттар жинаудамыз. Ол жөнінде де біз қазір құжаттарды толық жинақтап, өзіміздің аудан әкімі жанындағы комиссияға ұсындық. Сол комиссияның шешімі негізінде сот отырысы болып, оның қай жақта тәрбиеленетіні белгілі болады», - дейді Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақберген Сәрсенбеков.