ОҚО-да банкроттық рәсімдер бойынша меморандум түзілді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті облыс әкімшілігімен бірлесе отырып оңалту және банкроттық саласындағы мәселелер бойынша семинар-кеңес өткізді.
Шараға облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары мен Әділет департаментінің өкілдері, облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының өкілдері мен әкімшілер, Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Семинар-кеңесте облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбетәлиев Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына сәйкес, мемлекетіміз 30 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатында қабылданған «Қазақстан - 2050» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асыру жолдары нақты белгіленгенін айтты. Нарықтық экономика талаптарына сәйкес, көптеген мекеме қызметкелері қаржылай-шаруашылық жұмыс барысында объективті және субъективті себептерге байланысты түрлі қиындықтарға кезігіп, борышкерлер тарапынан төлем қабілетсіздігі сынды жағдайларға ұшырайтынын жеткізді. Мұндай кезде борышкерлердің төлем қабілетсіздігін және «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторы бойынша Дүниежүзілік «Doing business» Банктің рейтингінде Қазақстанның позициясын көтеру және нығайту мақсатында бірнеше шаралар қолға алынғандығын атап өтті. Бұл ретте ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Банкроттық және оңалту салысында уәкілетті орган ретінде оңалту және банкроттық рәсімдерінің жүргізілуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратындығын көрсетіп, бүгінде 410 мекемеде 293 млрд теңге көлемінде кредиторлық берешегі бойынша банкроттық рәсімдер жүргізіліп жатқандығына тоқталды.
Семинар барысында әкімшілер мен мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері және қатысушылар осы мәселе жөнінде жан-жақты талқылап, өзара ұсыныстарын ортаға салды. Семинар-кеңестің қорытындысы бойынша банкроттық рәсімдерді жүргізу жұмыстарын созбалаңға салмай, қарқынды жүргізілуін жалғастыруды және борышкер мекемелердің лауазымды тұлғаларын субсидиарлық жауапкершілікке тарту туралы сот шешімдерін орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді. Осы мақсатта облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, ОҚО Әділет департаменті, ОҚО жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы және «Жетісу» банкроттық рәсімдері бойынша кәсіби меңгерушілер одағы» аймақтық қоғамдық бірлестігі арасында төртжақты меморандум түзілді.