ОҚО-да барымташылар 5,5 млн теңгенің жылқысын ұрлап кеткен
ШЫМКЕНТ.ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында барымташылар 5,5 млн теңгенің жылқысын ұрлап кеткен. Қорадағы малдарынан қағылған тұрғындар полицияға арызданған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Сайрам аудандық ішкі істер басқармасына жергілікті 50 жастағы тұрғын келіп, үйінен жылқысын ұрлап кеткенін айтқан. Оның сөзінше, белгісіз біреулер түнделетіп қорасына кіріп, құны 2,5 млн теңге болатын жылқысын қолды етіпті. Артынша тәртіп сақшыларына тағы бір тұрғын арыз түсірген. Ол да түнделетіп қорасынан 3 млн теңге болатын екі малын ұрлатқанын айтып, көмек сұрайды. Осыдан кеиін басқарманың тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-іздестіру тоблы құрылып, ұрыларды іздеуге кіріседі. Бірнеше айдан соң барымташылардың ізіне түскен полицейлер осы қылмыстарға қатысы бар деген екі күдіктіні ұстады. 26 және 27 жастағы азаматтардың бұрын осы сынды қылмыс жасағандары үшін сотты болғаны анықталды. Жауап алу барысында олар жылқыларды да ұрлағанын мойындаған. Сезіктілердің сөзіне қарағанда, түнде үй иелері жатты-ау дегенде, қоралардың есігін бұзып кіріп, жылқыларды мініп кетіп жүріпті. Оларды артынша базарларға саудалап, өз пайдаларына жаратқан.
Тергеу барысында жылқылар табылып, өз иелеріне қайтарылды. Өз кезегінде малымыз табылмайды деп, үмітін үзген ауыл тұрғындары куанып қалды. Қазір қос күдікті қамауға алынып, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 188-ші бабы «Тонаумен» іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.