ОҚО-да басы дауға қалған тағы бір прокурор қызметінен босатылды

Бұл туралы бүгін облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында облыс прокурорының орынбасары Жанболат Туғанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Жанболат Сейдахметұлының сөзінше, үстінен қызметтік тексеру жүргізілген Бәйдібек ауданының прокуроры жасы келуіне байланысты зейнеткерлікке шыққан. Айта кетейік, Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында 8-ші сынып оқушысын зорлады деген күдікпен 21 жастағы жігіт қамауға алынған болатын. Оқушы қыздың туыстары полицейлер тиісті шара қолданбады деп Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялаған еді. Қылмыстық іс қаралып жатқан Бәйдібек ауданының прокуроры Әбутәліп Мұстафаев та осы іске қатысты пікірін білдіріп, басы дауға қалған болатын. Өз кезегінде ҚР Бас прокуратурасы Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелеттік жасқа толмаған оқушы қызды зорлау ісін өз бақылауына алып, аудан прокуроры қызметінен шеттетілгенін мәлімдеген еді.
Баспасөз мәслихатында облыс прокурорының орынбасары журналистерге сонымен қатар күні кеше ғана қызметінен босатылған Нұржан Полатовқа қатысты түсініктеме берді. Белгілі болғандай, бұрынғы прокурор енді қадағалау органында жұмыс істей алмайды.
«Мұндай негіздемемен босатылған қызметкер келешекте басқа құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге мүмкіншілігі жоқ. Жалпы Полатовтың рульде отырып, мас болғаны алғашқы кезде дәлелденбей, сот хаттамалардың күшін жойған болатын. Бұл шешіммен келіспеген облыстық прокуратура тарапынан наразылық келтірілді. Кейіннен облыстық соттың шешімімен сот қаулысы заңсыз деп танылып, қайта қаралуға жіберілген. Қайта қарау барысында сот Полатовтың әрекеттерінде әкімшілік құқықбұзушылықтың құрамы бар деп танып, оның әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша жауапкершілікке тартты. Бұл мәселені біз тәртіптік кеңесте қарап, кеңестің ұсынысы бойынша Полатов қызметінен босатылды»,-деді Жанболат Туғанбаев.
Қадағалау органының өкілі жалпы Полатовтың бұған дейін мұндай заңбұзушылықтар жасамағанын айтып отыр. 12 жылдық қызметінде ол ешбір кемшіліктерге жол бермеген.