ОҚО-да «Билерге тағзым» атты дәстүрлі велошеру өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық соты және облыс әкімдігі бірлесіп «Билерге тағзым» атты дәстүрлі велошеруді өткізді. Бұл шара Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Велошеруге облыстық, аудандық соттардың судьялары мен облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылары және жергілікті мәслихат депутаттары мен жастар, барлығы 120-дан астам адам қатысты. Облыс орталығының «Ордабасы» алаңынан басталған іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңыздылығына тоқталды.
Ал, облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов велошерудің басталу тарихына тоқталып, бүгінгі шара Мемлекет басшысының мақаласында айтылған рухани жаңғыруды іске асырудың нақты бір бағыты деп айтуға болатынын жеткізді. Осыдан кейін велосипедшілер жолға шығып, республикалық «Ұлттық тарихи-мәдени қорығындағы» мәреге жетті. Оларды Ордабасы ауданының басшылығы мен ауыл тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды. Одан әрі велосипедшілер Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументіне жол тартты.