ОҚО-да бір мезетте 1 мың домбырашының күйі орындалды
Күйді орындауға өңірдің мәдениет қызметкерлерімен қатар мектеп оқушылары да тартылған. Олар екі апта уақыт аралығында алаңға жиналып, дайындық шараларын жүргізіпті. Домбырашылардың басын қосқан режиссер Жұмабек Есімовтың сөзінше бұл идеяның авторы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев екен. Оның ұсынысымен бұдан да көп домбырашылар тарту жоспарланған. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты мың домбырашымен шектелуге тура келіпті.
«Күй тартуға қаланың мектептерінен 15 оқушыдан қатысады деп жоспарлағанбыз. Кейін солардың ішінен іріктеп алып, 5 пен 10 баланың аралығында қатыстырдық. Оқушылардың басым көпшілігі Облыстық «Өнер» мектебінің шәкірттері. Қалғаны өзіміздің мәдениет саласының қызметкерлері. Домбыраның күмбірі халық мүддесін бір арнаға бұрып, ортақ ойға ұйыстыратын рухани күшке айналатынына сеніміміз мол. Бұл шара жастарымыздың ұлттық сезімін, халқымыздың отаншылдық рухын нығайтуды көздейді,-дейді режиссер.