ОҚО-да бір топ адам төбелесіп, жетеуі пышақ жарақатын алды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бір топ адам төбелесіп, жеті адам пышақ жарақатын алған. Келеңсіз оқиға Шымкент қаласына қарасты Рабат тұрғын алабында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да бір топ адам төбелесіп, жетеуі пышақ жарақатын алды

Бір ауылдың жастары өзара жанжалдасып, мәселені төбелес арқылы шешпек болған. Ауыл шетіндегі жанжал кезінде олардың жетеуі пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.

«27 қазан күні кешкісін ауруханаға пышақ жарақатын алған жеті науқас жеткізілді. Оның үшеуіне шұғыл түрде ота жасалды. Ал қалған төртеуіне кішігірім хирургиялық ем жасалып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Пышақ жарақатын алған бір жасөспірім әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр»,- дейді Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Сәбит Байбосынов.

Төбелескендер 18-28 жас аралығындағы жастар екені анықталды. Қазір осы оқиға бойынша өңірдің тәртіп сақшылары тергеп, тексеру шараларын жүргізуде.