ОҚО-да бір топ жастардың төбелесуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бір топ жастардың төбелесіп, пышақтасуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы дерек Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру біріңғай тізіміне енгізілді. Қылмыстық кодекстің 106 «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» және 293 «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда, болған оқиға бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілуде»,- делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске салайық, жастар арасындағы төбелес Шымкент қаласына қарасты Рабат тұрғын алабында болған. Соның салдарынан 6 жігіт жедел жәрдеммен облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілген. Бесеуінің жағдайы жақсы болғанымен, 23 жастағы жергілікті тұрғын жансақтау бөлімінде жатыр. 23 жастағы Бақдәулет Үмбетов бүгін есін жиып, тілшілерге сұхбат берді. Оның айтуынша, денесіне белгісіз біреулер пышақ сұғып алған. Әрең тыныс алып жатқан науқас қылмыстық іске еш қатысы жоқ екенін айтады.
«Барып қалдым, төбелес басталып кетті. Болды. Кім кімді пышақтап жатыр, мен қайдан танимын оны. Құладым сонымен болды»,- дейді науқас жігіт.
Қазір Қазығұрт ауданының тәртіп сақшылары анықтау шараларын бастап кетті. Төбелеске қатысқан өзге де жастар іздестіріліп жатыр.