ОҚО-да биыл 11 мыңнан астам түлек диплом алды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «ҮЗДІК ТҮЛЕК-2017» салтанатты диплом тапсыру кеші өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, жоғарғы оқу орнын сәтті бітірген түлектерді құттықтады. Жас маман иелеріне алдағы қадамдарына табыс тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Бүгінгі мерекелік шарада университеттің 4 мыңға жуық студенті 86 мамандық бойынша оқуды аяқтап диплом алса, оның 580 түлегі қызыл диплом иеленді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы - білім» екенін айрықша атап өтті. Оңтүстік білім, ғылым, инновациялық дамуларда көш бастап келе жатқан өңір. Сондықтан бітіруші түлектерді жұмыс орнымен қамтамасыз етуде облысқа инвестициялар тартуды басты міндет етіп қойдым»,-деді обдыс әкімі.
75 жылдық тарихы бар оқу орны биыл толағай табыстарға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының рейтингісінде ІІІ-орынды иеленсе, QS (кьюэс) рейтингісі бойынша әлемдегі 4,5 мың жоғары оқу орындарының ішінде 609-дан 501-ші орынға көтерілді. Оқу орнындағы 16 мыңнан астам студентке 1500-ден астам профессор-оқытушы, оның ішінде 23-і академик, 650-ден астамы ғылым кандидаттары, 170-ке жуық ғылым докторы сапалы білім беруде. Жыл сайын 700-ге жуық студент пен 150-ден астам оқытушы Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік танымал жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруде.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдегі 12 жоғары оқу орнында 70 мыңға жуық жас білім алуда. 2017 жылы 11 мыңнан астам түлек оқуын бітіріп шығып, дипломдарын қолына алып отыр.