ОҚО-да биыл 340 мың гектар аумақта шегіртке шоғырының бары анықталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 340 мың гектар аумақта шегіртке шоғырының бары анықталды. Бұл туралы Облыстық аумақтық инспекцияның басшысылығы мәлімдеді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да биыл 340 мың гектар аумақта шегіртке шоғырының бары анықталды

Аумақтық инспекцияның басшысы Нұржан Қашқыновтың айтуынша, ағымдағы жылы өңірде зиянкестердің бар-жоғын анықтау үшін 1 миллион гектар жерде зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 11 ауданның аумағындағы 340 959 гектар аумақта шегіртке шоғырының бары белгілі болды. Енді облыстық аумақтық инспекция сол жерлерде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Ол үшін арнайы штаб құрылып, жұмыстар жүйеленуде.

«Ол штабтың төрағасы - облыс әкімінің бірінші орынбасары Әліпбек Өсербаев. Сондай-ақ ауылшаруашылығы басқармасы мен төтенше жағдайлар департаментінен мамандар, барлық аудан қала әкімдері бар. Бүгінде күрес жұмыстарына байланысты нақты жұмыс жоспарлары бекітілді»,-дейді Нұржан Қашқынов .

Инспекция басшысының сөзінше, зиянкестерден келер қауіптің алдын алу үшін 350 мың гектар аумақ залалсыздандырылады. 340 мың гектар жерге нақ осы зиянкес тұқымына қарсы дәрі себілсе, өзге аумақтарға азиялық және итальяндық зиянкестердің көзін жою үшін химиялық өңдеу жүргізілмек. Негізгі жұмыстар келесі айдың алғашқы 10 күндігінде басталады деп күтілуде. Ол  жұмыстарға арнайы техникасы бар 3 серіктестік тартылады деп жоспарланған. Одан бөлек, 500-ден астам адам жұмылдырылады. Ал,зиянкестер мекендеген аумақтың 50 пайызы жерүсті агрегатымен өңделсе, 137 мың гектарға ұшақтарарқылы дәрі себіледі. Осындай әдістердің арқасында шегірткелердің қанаты қатаймай жатып, көзі жойылуы тиіс.
null 

«Қазір қажетті дәрі-дәрмек сатылып алынып қойды. Енді фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығының хабарламасын күтіп отырмыз. Егер сол орталық шегірткелердің жер бетіне шыққанын хабарласа, барлық мекемелердің басын қосып жұмыстарды бастаймыз»,-дейді Облыстық аумақтақ инспекция басшысы.

Мамандардың мәліметінше биылғы зиянкестер шоғырланған аумақ өткен жылғыдан 80 мың гектарға азайғаны анықталып отыр. Бұл былтырғы жұмыстың нәтижелі болғанын көрсеткен.