ОҚО-да биыл бір мың гектар суармалы жер айналымға қосылады

Мәжіліс барысында «Қазсушар» және «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РМК өкілдерінің атқарған жұмыстарының есептері мен ұсыныстары тыңдалды.
Үстіміздегі жылы 37 шақырымдық 12 су нысандарына облыстық бюджеттен 995,9 млн теңге қаржы бөлінеді. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда 3 005 гектарға суармалы жердің жағдайы жақсарып, 1 000 гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.
«Оңтүстік Қазақсан облысы аграрлық аймақ саналады және ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлығына тікелей байланысты болғандықтан, аталған мәселені шешу маңызды», - деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.
Ал, Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен Шардара ауданындағы Жаушықұм алқабын суландыру, Отырар ауданындағы Шәуілдір үстеме каналын және 368 шақырымдық коллектор-дренаж жүйелерін, Ордабасы ауданындағы Р-5 каналын қайта құру жобасын іске асыру пысықталды. Нәтижесінде 13,5 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады, 20 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.
Сондай-ақ, Дүниежүзілік даму банкінің қаржыландыруымен ИДЖЖ-2 бағдарламасы арқылы Мақтарал ауданында 39 757 гектар, Шардара ауданындағы 20 630 гектар және Түркістан қаласында 10 000 гектар жерге суару жүйелерінің қайта жаңарту және қайта құру бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда, Австралиялық «SMEG» фирмасы аталған бағдарламаға жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, облыста суды үнемдейтін жаңа инновациялық технологияларды қолдану әдісі енгізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджет есебінен 18,3 млн теңге бөлініп, Тараз қаласындағы «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты шығарған «Коллекторлық дренаждық суларды фосфогит мелиорантын пайдалану арқылы ағын судың тапшылығын азайту» жобасы өндіріске еніп отыр. Нәтижесінде бұл өңірдегі жалпы ағын су тапшылығын 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бермек.
Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне тасқын суларды ұстап, жинақтайтын су құрылыстарын салу мен «Достық» мемлекетаралық каналын ағын сумен қамтамасыз етуді және коллекторлардың суын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде тапсырмалар берді. Сонымен қатар, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту бойынша шаруа қожалықтарымен тұрақты түрде жұмыс жүргізумен қатар каналдың қуаттылығын арттыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді жүктеді.