ОҚО-да бокстан әлем чемпионы атанған Қайрат Ералиевке көлік мінгізді
Федерация басшылығы әлем чемпионына арнайы құрмет көрсетіп, «Тойота Камри-55» автокөлігін тарту етті. Қосымша ақшалай сый жасалды. Спортшының бапкері Мырзағали Айтжанов та дәл осындай темір тұлпар мініп қайтты. Бұдан бөлек, Қазақстанның бокс бойынша ұлттық құраманың бас бапкеріне ауылдастары ат мінгізіп, иығына шапан жапты.
Ал, қола медаль иесі Ержан Жомарт пен оның жеке бапкеріне ақшалай сыйлық жасады. Сонымен қатар, оңтүстіктің негізгі командасы Конфедерация Кубогында топты жарғаны үшін алғыс ретінде спорттық киім алды.
Айта кетейік, Гамбургте бокстан әуесқойлар арасында өткен ХІХ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдені олжалап, жалпыкомандалық есепте 3-ші орынға тұрақтаған болатын. Дүбірлі додада оңтүстікқазақстандық боксшы Қайрат Ералиев алтын медальді жеңіп алып, әлем чемпионы атанды.