ОҚО-да дəрігерлер халықты дұрыс тамақтануға шақырды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері халықты дұрыс тамақтануға шақырды. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ тағамтану академиясының нутрициолог маманы Ардақ Чуенбекова мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Иманалина баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Сала мамандарының сөзінше, елімізде әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. «Қазақтың жаңа табағы» ұранымен дұрыс тамақтануды насихаттаушылар жұртшылықты майсыз етті тұтынуға, қорегіміздің құрамындағы қант мөлшерін шектеуге шақырды. Оның орнына көкөністер мен жеміс-жидектердің үлесін арттыруға үндеді.

Елімізде салауатты өмір салты орталығының 1998 жылдан бастап, әр үш жыл сайын жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, адамдардың басым бөлігі күніне екі рет ыстық тамақ тұтынбайды. Ал, 12 пайызы үш рет ас ішетінін айтса, 9 пайызы бар болғаны бір тәулікте бір рет қана қоректенеді екен. Тұрғындардың жартысына жуығы күнделікті асының 400 граммы жеміс-жидек болуы тиіс екенін білмейді де.

Сауалнамаға қатысқандардың көбі тиісті мөлшерде ет өнімдерін пайдаланбайтынын айтқан. Дәрігерлерге сенсек, қазақстандықтар жейтін асына жиі зейінсіз қарайды. Ал, ауырған кезде күнделікті жарнама беттерінен түспейтін ең жаңа препараттарды іздейді.

«Балалар арасында фастфуд өнімдерін тұтыну белең алып барады. Зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердің 13,7 пайызы күніне бір рет осындай тағамдарды азық етеді. Сонымен қатар, ұйқыға жатарда тамақтану, дене белсенділігінің аздығы, қимылдың жоқтығы жүрек қан тамырлары ауруларына, семіздікке тағы басқа да көптеген аурулардың асқынуларына әкеліп соғуда. Ал, тиімді тамақтану кейбір созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығын жақсартуға негіз болады», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Жақыпқызы.

Қазақ тағамтану академиясының 2012 жылы жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, Қазақстан халқының жартысынан астамы артық салмаққа және семіздікке шалдыққан.

«1 және 14 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Бұл - тұрғындардың 21,5 пайызы. Бұлардың жартысы семіздікке шалдыққан», - дейді Қазақ тағамтану академиясының нутрициолог маманы Ардақ Байбараққызы.

Спикерлердің айтуынша, кәдімгі қымыз адам иммунитетін жоғарылатады. Ағзаның қорғаныш қабылетін арттырады. Қымыз жетіспейтін асқазан қышқылын да алмастыра алады. Қымыз қышқылы қанға оң әсер етеді. Гемоглобин құрамын күшейтеді. Обыр дертін тежеуге қауқарлы қымызды жүректің созылмалы ишемиялық ауруына шалдыққан науқастарға да ұсынуға болады.

Соңғы жаңалықтар