ОҚО-да депутат пен әкімнің кеңесшісі қаза тапқан жол апатының себептері белгілі болды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай мен депутат Қамытбек Айтөреевтер қаза тапқан жол апатының себеп салдары белгілі болды. Түркістан қаласының прокуроры Руслан Әбдірайымовтың айтуынша жол көлік оқиғасына қатысты анықтау шаралары аяқталып, іс сотқа жолданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да депутат пен әкімнің кеңесшісі қаза тапқан жол апатының себептері белгілі болды

Тергеу барысында анықталғаны, жол апаты жеңіл көлік жүргізушісінің мұқиятсыздығынан орын алған.

«23 шілдеде Шымкент-Самара тас жолының 107 шақырымында болған жол-көлік оқиғасынан облысқа  белгілі азаматтар Сейіт Ертай мен Қамытбек Айтөреев көз жұмды. Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Тиісті сараптама қорытындылары дайын болды. Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші  1985 жылғы О.Б. деген азамат тергеу барысында, «Газ-53» автокөлігін жүріп келе жатыр деп ойлағанын, оның тоқтап тұрғанын кеш байқап қалғанын өз жауабында көрсетті. Тергеу органының айыптау актісімен келісіп, О. деген азаматтың ісін Түркістан қалалық прокуратурасы ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа жолдады»,-дейді Руслан Әбдірайымов.

Қазіргі таңда жол апатынан ауруханаға түскен жүргізушінің денсаулығы біршама жақсарып, үйіне шығарылған. Ол тергеу барысында өзі келіп жауап берген. Ал, қаза тапқан Сейіт Ертай мен Қамытбек Айтөреевтің туыстары айыпталушы азаматқа кешірім беріпті. Енді жол апатына себепші жүргізушіге қатысты үкімді Түркістан қалалық соты шығарады.

Еске салайық, 23 шілде күні күндізгі сағат 13:00-дер шамасында Шымкент-Самара тас жолының 107 шақырымында жол жиегінде бұзылып тұрған «Газ-53» жүк көлігіне «Тойота Прадо» автомобилі соқтығысып, соның салдарынан екі жолаушы қаза тапқан еді. Бақилық болғандар Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай мен облыстық мәслихаттың депутаты Қамытбек Айтөреев еді. Ал, Тойота көлігінің жүргізушісі ауруxанада жансақтау бөліміне түскен болатын.