ОҚО-да деструктивті діни ағым мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі «Гарант» дүкенінде ұсталған деструктивті діни ағым мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы күдіктілерді қамауға алу туралы санкция берген Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Судьяның сөзінше, қылмыстық  топтың үш мүшесіне діни алауыздықты қоздыру деген айып тағылып отыр.

«Күдіктілердің ішінде Жүсіпбеков пен Борашовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі «Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру» бойынша іс қозғалды. Ал үшінші күдікті Ізтілеуов  Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1 және 2-бөлігімен «Алдын ала сөз байласу арқылы діни алауыздықты қоздыру», 256-баптың 1-бөлігі «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» бойынша айып тағылды. Олардың қылмыстарының экстремизмге қатысты болуына байланысты қамауға алу туралы санкция берілді», - деді Ғани Байарыстан.

Қазір ұсталған топ мүшелеріне  қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы қызметкерлері жүргізіп жатыр. Тергеу құпиялылығына байланысты құзырлы орган өкілдері қандай да бір  ақпарат бермеді.

Еске салайық, 19 қыркүйек күні Шымкент қаласының «Гарант» дүкендері аумағында ОҚО ІІД және ОҚО ҰҚК қызметкерлері бірлесе отырып, деструктивті діни ағымдарының ұстанушыларынан құралған қылмыстық топты құрықтау бойынша арнайы операция жүргізген болатын. Арнайы жасақ сарбаздары ұстаған топ мүшелеріне мобильді құрылғылардың идентификациялық кодын өзгертіп, оған экстремистік сипаттағы ақпараттарды жазумен және  сатумен айналысқан деген айып тағылған еді. Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар