ОҚО-да ғалымдар латын қарпіне көшу реформасының тиімді тұстарын талқылады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында ғалымдар латын қарпіне көшу реформасының тиімді тұстарын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде бас қосқан зиялы қауым өкілдері жаңа әліпби жетістіктерге жол ашып, халықаралық қарым-қатынасты нығайтады деген сенім білдірді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымызды жойып алмай, тұтас ұлт болып қалыптасуымызға зор ықпал етеді. Семинарға келген ғалымдар жан-жақты зерделенген ойларын осылайша баяндады. Олардың пікірінше латын қарпін әлемнің озық елдері қолданып келеді. Солардың қатарында Түркия мемлекеті де бар. Халықаралық жиынға арнайы келген ғалым Пусат Пилтен «Түркиядағы дәстүрлі білім беру жүйесіне жалпы шолу» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Оның айтуынша латын әрпіне көшу - бұл бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастардың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Әлемдік деңгейде тіл табысу үшін де латын графикасына ауысу маңызды болып табылады. Бастысы - кез келген ақпаратты, ғаламдық өзгерісті балалар түпнұсқадан алып, оқи алатын болады.
Семинарға қатысқан өзге ғалымдардың пікірінше, жаңару мен жаңғыруға бет алған еліміздің ендігі болашағы саяси-экономикалық факторлармен қатар, мемлекеттік тілі - қазақ тілінің тағдырына да тікелей байланысты. Сондықтан, замана ағысы талап етіп отырған мұндай өзгерісті жіті сараптап, оған жан-жақты дайындықпен кірісу қажет.