ОҚО-да «Қаһарман Ұлт» шеруіне 1500-ден астам азамат қатысты
Шараға қатысқан жұртшылық «Даңқ мемориалында есімдері тасқа қашалып жазылған жауынгерлерге тағзым етіп, оларды бір сәт еске алды. Салтанатты жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша оңтүстікқазақстандықтарды Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.
«Екінші дүниежүзілік соғыс біздің халқымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Сондықтан Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бейбіт өмір үшін, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түсіп, қайғы-қасірет шеккен, соның бәрін қайыспай жеңе білген ардагерлердің жанкешті ерлігі мен еңбегі жадымыздан ешқашан өшпек емес. Сондықтан да Елбасымыз соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетіп, олардың хал-ахуалын көтеруге көп көңіл бөліп келеді. Президентіміз сонау зұлматты соғыста жеңіске бірліктің арқасында ғана жетуге мүмкін болғанын үнемі еске салып отырады. Біздің ардагерлеріміз - еліміздегі достық пен келісімнің берік іргетасы болып табылады», - деді өз құттықтау сөзінде әкім.
Мұнан соң, Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністер қойылып, ардагерлерге солдат ботқасы ұсынылды.
Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғысқа Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған.
ІІ Дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталған.
Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған майдангерлердің 233-і - ҰОС ардагері, ал, 996-сы соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер. Қалған 19 199 адам тылда тынымсыз еңбек еткендер болып табылады.