ОҚО-да қарттар арасында шахматтан жарыс өтті
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын қолдау мақсатында өткен сайысты Қазығұрт аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі ұйымдастырды.
Жарысқа қатысқан ойыншылардың барлығы зейнет жасына жеткен қарттар болды. Себебі, ой-өрісті дамытатын шахмат ойынына ел ағаларының қызығушылығы жоғары. Жылдам ойлап, дұрыс шешім қабылдауға жаттықтыратын тақта үстіндегі тартыстың ең қарт қатысушысы 77 жастағы Рахматулла Ташов екені анықталды.
Ақсақал осындай сайыстарға қатысу арқылы ақыл ойынын насихаттап, жастарға үлгі еткісі келгенін айтады. Үздік ойын өрнегін көрсеткен қарттар ойлау қабілеттерінің ұшқыр екенін тағы бір дәлелдеді.
Ойыншылар қарсыластарына дес бермей, жеңімпаз атану үшін барын салды. Ойын нәтижесінде жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, қатысушылардың бұл ойынға бірінші рет келуі емес. Осыған дейін де олар көптеген интеллектуалды ойындардың көрігін қыздырған еді.