ОҚО-да кеңсе мен мектепке жарылғыш зат «қойған» азамат ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер Алматыдағы кеңсе мен ауылдағы мектепке жарылғыш зат қойылған деген тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да кеңсе мен мектепке жарылғыш зат «қойған» азамат ұсталды

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазығұрт аудандың полиция басқармасына ауылдық мектептің директоры хабарласқан. Оның сөзінше белгісіз біреу хабарласып, білім ұясына жарылғыш зат қойылғанын айтыпты.

Оқиға орнына облыстық ІІД мен жергілікті полиция, басқа да құтқару қызметінің қызметкерлері жұмылдырылды. Жедел түрде мектепті қоршауға алып, ішіндегі адамдарды сыртқа шығарды.

Сондай-ақ, жақын маңдағы тұрғындарды да үйлерінен алысқа шығарды. Алайда мектептің ішін қарау барысында ешбір жарылғыш зат табылмаған. Жедел іздестіру шараларын жүргізген Облыстық ІІД мен ҰҚК қызметкерлері жалған хабарлама таратты деген күдікпен 1995 жылы туған тұрғынды қолға түсірді. Оны тексеру барысында сезіктінің жүйке аурулар диспансерінде тіркеуде тұратыны анықталған.

Белгілі болғандай, ұсталған азамат сол күні Алматы қаласындағы кеңселердің бірінде де жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама бергені расталды. Сала мамандары кеңсені тексеру барысында да ешбір жарылғыш зат таппаған болатын.

Қазіргі таңда күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау орталығына қамалды.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату бойынша үш дерек тіркеліп, екі адам сотты болды.