ОҚО-да кітап оқуға қатысты марафон өткізілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының оқушылары арасында «25 кітап оқимыз» атты кітап оқу марафоны өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

 ОҚО-да кітап оқуға қатысты марафон өткізілді

Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, насихаттау, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш қатысып, ел ертеңі жастарды құттықтады. Құттықтау сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мен қазақстандықтарға, әсіресе жастарға тағы да айтамын: кітап оқыңыздар! Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білім деңгейіне байланысты. Кітап адамды жан-жақты дамытады, ой-өрісін кеңейтеді»,- деген сөзін дәйектеген аудан әкімінің орынбасары барша жастарды кітап оқуға шақырды. 

Сайысқа аудандағы 5 орта мектептің үздік оқушыларынан жасақталған команда қатысып, «Білімді оқырман болашағымыз», «Кітап қасиеті - мәңгілік», «Күш білімде - білім кітапта», «Тапқыр болсаң, тауып көр» кезеңдерінде бақтарын сынады.

Сайыс барысында оқушылардың үлкен дайындықпен келгендігі айқын аңғарылды. «Тәуелсіз еліміздің болашағы, ертеңі үшін барлық күш-қайраттарыңды заман талабына сай терең білім алуға жұмсаңдар» деген ұлағатты ұстаздар ұстанымы осы жастарымызға айтылғандай.

Айта кетейік, еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 кітап оқимыз» атты кітап оқу марафоны өткізілген болатын.