ОҚО-да Қоғамдық келісім кеңесі көшпелі қабылдау өткізді
Көшпелі қабылдауға жиналған жергілікті тұрғындар ауыл-аймақтағы бірқатар өзекті мәселелерді кеңес мүшелерінің назарына жеткізді. Елді мекендерге фельдшерлік-акушерлік пункт пен мектеп салу және ауылдарға табиғи газ тарту, Мырзашөлдегі мәдениет үйін күрделі жөндеу, ауыл шаруашылығын қолдау сынды жайттар қабылдауда ашық айтылды. Өз кезегінде облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері мен аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері ауыл халқының талап-тілектерін тыңғылықты тыңдап, қойылған сауалдарға жауап берді. Бірқатар түйткілді мәселелерді түртіп алды.
Көшпелі қабылдауда ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов ассамблея жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі мақсаттарының бірі - жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, қоғамды толғандырған өзекті проблемаларды жергілікті билікпен бірлесе реттеу екенін жеткізді. Осындай көшпелі қабылдаулардың жыл соңына дейін өңірдегі 3 ауданның ауыл-аймақтарында жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, көтерілген мәселелер облыс басшылығының назарына ұсынылатынын айрықша айтты.