ОҚО-да көкпардан ел біріншілігі басталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі орталық атшабарда қазақтың ұлттық ойындары мен көкпардан ел чемпионатының жалауы көтерілді. 16 жастағы бозбалалардың сайысына республикамыздың 11 облысынан командалар қатысып, ат үстіндегі үздіктерді анықтауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайыс көкпардан басқа, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақтан өтуде. Ұлттық спорт түрін жандандыратын жарысқа елімізден 300-ге жуық спортшы жиналды. Соншама сәйгүлікке де арнайы орындар дайындалды. Жарыстың ашылуында облыс спортының басшысы Әлібек Нұртаев сөз алып, жас шабандоздарға сәттілік тіледі.
Он жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің көкпаршылары өзінің басты қарсыласы Жамбыл облысының командасын қапы қалдырды. Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бапкер Рамазан Сәттібаев пен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы төрағасының 1-ші орынбасары Ерлен Оспанов биылғы жарыстарда топжарған шабандоздарға «Қазақстанның спорт шебері» атағын тапсырды. Ал, әлем чемпиондары халықаралық дәрежедегі спорт шебері дәрежесіне ұсынылды. Енді жеңімпаз атанған көкпаршылар Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнирде оңтүстіктің намысын қорғайды. Өзге спорт түрлері бойынша жарыс қортындылары алдағы күндері белгілі болмақ.