ОҚО-да көпбалалы аналар сый-сияпат алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Тұрсынкүл Құрманбаева өңірдегі алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетті. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында 152358 көпбалалы ана бар екен.
Оның 30046-сы Алтын алқа иегері болса, 38824-і Күміс алқа таққан. Ал бұл күні 63 мыңға жуық анаға сый-құрмет көрсетілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының оңтүстіктегі өкілдігі қазақ жерінде ұрпақ өрбітіп, елдің ауызбіршілігіне ұйытқы болып, татулығы мен бірлігін жарастырып отырған өзге ұлт өкілдерінің ақ жаулықты аналарына сый-сияпат ұсынды. 7 ұл-қыздан 25 немере сүйіп отырған Мадинат Омарова мұндай құрметке риясыз алғысын білдіріп, қазақ халқының кеңпейіл, дарқан мінезін ерекше атап өтті. «Қиын-қыстау кезде өз жерінен орын беріп, құшағын айқара ашқан қазақстандықтарға ризашылығым мол», - деді Алтын алқа иегері.
Ал Парахат Ходжиметова 21 немерені бағып қана қоймай, жеке кәсіпкерлікпен де айналысады. Ол құттықтаушыларға алғысын білдіріп, елдің тыныштығы мен татулығына сызат түспеуін тілеп, ақ батасын берді, деп жазады "Айқын" газеті.