ОҚО-да мейірбикелердің арқасында ана өлімі 47 процентке азайды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Халықаралық мейірбикелер күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, орта буын медицина қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Салтанатты шарада облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев құттықтау сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Басқарма башысының сөзінше, жыл сайын облыс тұрғындарының 438 мыңы ауруханада ем алады. Әрбір азамат жылына кем дегенде 4 реттен емханаға қаралады. Ал, жедел жәрдем көмегіне 1 миллионнан астам адам жүгінеді. Тұрғындарына көрсетілетін осындай медициналық көмек түрлерінің қашан да сапалы болуына облыс бойынша 22 мыңнан астам мейірбике қомақты үлес қосып келеді.
«Күн-түн демей, қай уақытта болса да алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын тұратын мейірбикелердің сырқаттанып келген тұрғындардың сауығып кетуіне қосып жатқан үлесі өте үлкен. Орта буынды медицина мамандарының көмегімен облыста биылғы бірінші тоқсанның қорытындысында ана өлімі 47 пайызға, бала өлімі 18 пайызға азайды, - дейді Мұқан Егізбаев.
Мерекелік шарада бірқатар мейірбикелерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдары, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Жыл көлемінде нәтижелі жұмыс атқарған мамандар облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен, «Нұр Отан» партиясының грамоталарымен марапатталды. Олардың қатарын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және министрліктің Құрмет грамоталарымен, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамоталарымен, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталған мейірбикелер толықтырды.
Жыл сайын мереке қарсаңында өтетін медицина мамандары арасында ең үздіктерді таңдау сайысы биыл да жалғасын тапты. Дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары 2017 жылдың үздік мамандары арнайы дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұлардан бөлек сайысқа қатысқан 30 медицина маманына «Ақсу-Жабағылы», «Біркөлік» және «Денсаулық» шипажайыларына жолдамалар табыс етілді.
Айта кетейік, жылдан жылға өңірдің денсаулық сақтау саласына тиісті деңгейде көңіл бөлініп келеді. Күн сайын медициналық мекемелер жаңарып, жаңа ғимараттар ел игілігіне беріліп жатыр. Мамандар тапшылығы азайып, медицина қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы арттыру жолға қойылған. Биыл бюджет есебінен жыл сайын 6 мыңнан астам медицина мамандарының білімдерін жетілдіреді. Денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 71,9-ға ұлғайған.