ОҚО-да модульді құрамалы 20 медициналық пункт пайдалануға берілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында елімізде алғаш болып қолға алынған модульді құрамалы 20 медициналық пункт пайдалануға берілді. Шалғай елді мекендерге тиімді бұл медициналық тіректің бір ерекшелігі оның құрылысының 2 айда аяқталып, бюджет қаражатынының тиімді жұмсалуында болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да модульді құрамалы 20 медициналық пункт пайдалануға берілді


Осындай құрастырмалы модульдік конструкция әдісімен салынған денсаулық сақтау нысаны Сайрам ауданының екі елді мекенінде тапсырылды. Бұдан бөлек, осы күні Бәйдібек ауданында -3, Түлкібас ауданында - 2 және Сарыағаш өңірінде 13 медициналық тірек пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев халықтың денсаулығын сақтау - мемлекет үшін аса маңызды мәселе екендігін айтты.

«Басты құжатта Мемлекет басшысы тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаториялық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет екенін атап өткен болатын. Яғни, медицина мекемелері озық медициналық құрал жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, дәрігерлер халыққа сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Модульдік конструкцияны құрастыру тәсілі уақытты және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға оң әсерін тигізеді. Осындай медициналық тіректе науқастарға бірінші медициналық санитарлық көмек көрсетілетін болады»,-деді әкім.

Айта кетейік, Сайрам ауданына ағымдағы жылы осы үлгідегі 5 медициналық тірек сатып алынып, ауданның денсаулық сақтау нысанына деген мәселесін 100 пайызға шешу жоспарға қойылып отыр. Сондай-ақ, Ақсукент ауылында ауысымына 500 келушіге арналған емхана құрылысы салынуда. Бұдан бөлек, ауданға компьютерлік томограф сатып алынып, инсульт орталығын ашу жоспарланып отыр.

Жалпы облыста жыл соңына дейін модульді құрамалы тағы 47 медициналық пункт тапсырлатын болады. Алаңы 125 шаршы метрді құрайтын, медициналық құралдармен жабдықталған модульдік конструкцияның құны 30 млн.теңге.