ОҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандар тегін таксимен жүреді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін такси қызметі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Аталған ауданда 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың баратын жеріне жетіп тұруына аудан әкімдігі қазынасынан үш жарым миллион теңге бөлінді. Тәулік бойы қызмет көрсететін инватакси әзірге біреу ғана. Соның өзіне жарымжан жандарды қуантып отыр.

«Өздігінен  жүріп-тұра алмайтын біздер үшін діттеген жерге жету мұңға айналады. Әсіресе, ем-дом жасату үшін ауруханаға баратын кезде қатты қиналатынбыз. Енді бұл қиындық артта қалды. Баратын жерімізге апарып келетін такси шықты», - дейді бірінші топтағы мүгедек Әнуарбек Мусабаев.

Инватакси қызметіне  жүгіну үшін мүгедектер алдын ала хабарласып, өтініш береді. Операторлар мәліметтер базасына оның  аты-жөнін, мекенжайын және уақытын  тіркеп қояды. Бүгінде диспетчерлік бөлімшеге күн сайын осындай  ондаған қоңырау келіп түсуде. Сондықтан сала басшылары алдағы уақытта көліктердің санын арттыруды көздеп отыр.

Жалпы, биыл ауданда мұқтаж жандарға  62 қол арба үлестірілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз келешек қалыптастыру үшін әлі бірқатар шаруа атқарылуы тиіс. Сондай-ақ, жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектер міндетті гигиеналық заттармен қамтамасыз  етілуде. Бұл бағытта бюджеттен 50 млн теңге  қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар