ОҚО-да өгей шешесінен қорлық көрген жасөспірімнің анасы күйеуінен 15 жыл таяқ жеген
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында өгей шешесінен қорлық көрген 14 жастағы Диана Есенованың анасы күйеуінен әбден зәбір көргенін айтады. Ол бұрынғы күйеуімен тұрған 15 жылдың ішінде талай рет таяқ жеп, азапты күндерді өткізіпті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Төрт баланың анасы Рысгүл Жоланованың сөзінше, күйеуі үнемі ішіп келіп, тепкілеп келген. Ауыр соққыдан денесі талай мәрте зақымданыпты. Балалары үшін бұл қорлыққа шыдап-ақ баққысы келгенімен, төзімі таусылғасын ол амалсыз ажырасуға шешім қабылдаған. Ерлі-зайыптылар былтыр қазан айында екіге айырылғанда Диана мен әпкесін әкелері алып қалыпты. Дүние-мүлік пен бар жиған-тергендерін де отағасына өткен. Қазір келіншек Шымкентте өзге екі баласымен пәтер жалдап күнелтіп жүр.
"Біздің үстімізге талай бензин шашты, пышақпен де қорқытты, КаМАЗ-дың астына басылып қала жаздадым. Сөйтіп бір өлімнен қалғанмын. Қала берді түн жарымда баламды бесігіммен бірге шығарып тастаған кездері болды. Мен көрген азапты күндерді енді қыздарыма көрсетіп жатыр», - дейді ашынған ана.
Еске салайық, күні кеше ғана Сарыағаш ауданында тұратын жасөспірім Диана Есенова өгей анасынан әбден қорлық көргенін айтып, көмек сұраған болатын. Оның сөзінше әкесінің екінші әйелі әр нәрсені бір сылтау етіп, ұрып-соғады екен. Күн сайын таңнан кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Сөйте тұра, дұрыстап тамақ та бермей, аш-жалаңаш көшеде қалған күндері болған. Оның өгей шешесі Өзбекстанның тумасы, әрі алғашында әкесі мен анасының шаңырағына үй қызметшісі болған көрінеді. Сөйтіп жүріп отағасының көңілін тапқан. «Есіктен кіріп, төр менікі» деген ол ақыр соңында ата-анасын айырып тыныпты. Туған анасы кеткелі талай қорлықты көрген қыз қазір облыстық жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырылған.
Ал қыздарына күн көрсетпеді деген ана өгей шеше лайықты жазасын алса дейді. Әділдік іздеп Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасына да хат жазыпты. Алайда, құзырлы орган әзірге ешбір жауап қатпаған.
