ОҚО-да оқушылар кітапхана мен киім ілетін жерде оқып жатыр
Сайрам ауданына қарасты Құтарыс ауылындағы 600 орындық мектеп биыл күрделі жөндеуден өтуі тиіс болған. Себебі, іргетасы өткен ғасырдың 70-жылдары қаланған білім ұясының әбден тозығы жеткен. Алайда, ерте көктемдегі тендер өткізу кезінде екі компания таласып, тіпті соттасып қалған. Байқау бірнеше рет қайта өткізіліп, жөндеу жұмысының кестесін кейінге шегеруге тура келген. Соның салдарынан жөндеу жұмыстары бір жарым айға кешігіп басталыпты.
«Тендерді осы жылдың сәуір айында жеңіп алғанбыз. Бірақ сол арада кедергілер болды. Сөйтіп құрылысты бір жарым айға кешігіп, маусым айында бастадық. Бір блогты жаңа оқу жылында тапсырдық. Екінші блоктың күрделі жөндеу жұмыстарын қазан айына дейін тапсыруды көздеп отырмыз»,-дейді мердігер компанияның іс жүргізушісі Бауыржан Баймаманов.
Қазір мектеп ғимаратының бір бөлігінде әлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Ол аздай жанынан қосымша жаңа ғимарат салынуда. Жан жағы құрылыс жүріп жатқанына қарамастан білім ұясында балалар қысылып - қымтырылып оқуда. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Құлажан Нұрашевтың айтуынша, қазір 13 бастауыш сыныбы үш аусымға ауыстырылған. Ұстаздар кітаптар мен басқа да заттарды толықтай спорт залға көшірген. Себебі кітапхана да, мұғалімдер бөлмесі де, тіпті киім шешетін орын да сынып бөлмелері ретінде пайдаланылып отыр. Құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуі бір ғана оқушыларға ғана емес, ұстаздарға да оңай соқпай тұр. Мұғалімдер бөлмесіне симағандықтан, тең жартысы корридорда отыруға мәжбүр.
Мектеп басшылығы екінші ғимараттағы жөндеу жұмыстары аяқталғанымен де балалар үш аусыммен оқи береді деп отыр. Өйткені екінші блок мектеп әкімшілігіне арналған. Тек, бірінші қабатында екі сынып бөлмесі бар, оның өзінде еңбекке арналған. Ал, мектеп жанынан салынып жатқан жаңа қосымша ғимарат келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сондықтан, оқушылардың 2 аусымда білім алуы тек келер жылы ғана шешілмек.