ОҚО-да отбасындағы зорлық мәселесіне қарсы пилоттық жоба жүзеге асырылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында Бас прокуратураның «Отбасында зорлық зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша кеңейтілген жиын өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі, Бас прокуратура мен облыстық прокуратураның басшылығы, мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес мекемелердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Қадағалаушы орган өкілдері бастамашы болған жиында тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністерін болдырмау және олардың алдын алу жұмыстарына талдау жасалды. Жиында сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бүгінгі таңда зорлық-зомбылық мәселесі өзекті мәселе болып отырғанын айтты. Мұндай жағдайлар адам құқын бұзатын құбылыс қана емес, сондай-ақ өскелең ұрпаққа тәрбие беруде кері әсерін тигізіп отырғанын айтты.

Ал, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко көпшілікті жобаның жалпы тұжырымдамасымен таныстырып өтті. Ол сонымен қатар отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес тек қана құзырлы органдардың ғана мақсаты емес, оған қоғам болып атсалысу қажеттігін жеткізді.

«Сондықтан да жобаны жүзеге асыруға барлық азаматтарды тарту қажет»,-деді ол.

Аталған жобаның жетекшісі Салтанат Тұрсынбекова зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттер реформасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Мәселен, елімізде әйелдерге қатысты қылмыстар 90%-ға өскен, отбасындағы әрбір үшінші қылмыс - кісі өлтіру болып табылады. Өткен жылы үй ішінде 36 әйел мен 1 бала зорлық-зомбылықтан көз жұмып, 2481 әйел мен 851 бала зорланған. Қорлыққа төзбеген 742 әйел мен 175 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл ретте жоба жетекшісі тығырықтан шығудың 7 жолын ұсынды.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары көбіне мас күйінде жасалады. Ал, алкоголь мен нашақорлық дертіне шалдыққандар 6-айдан 12 айға дейін ғана жабық түрде емделеді. Мемлекет әр емделушіге жылына орта есеппен миллионға жуық қаржы жұмсайды екен. Алайда оларды емдеу тиімділігі 0-ге тең. Себебі емдеудің тәсілі ескірген. Емхана күш жинап уақытша тынығу орнына айналған. Сондықтан олардың арасында құқықбұзушылықты қайта жасағандар аз емес. Әлемдік практикада мәжбүрлеп ешкімді емдемейді. Рухани жаңаруы мен қоғамдық ортаға қайта келуді көздейді»,-деді жоба жетекшісі.

Салтанат Тұрсынбекованың сөзінше, биыл алғаш рет айықтырғыштар арнайы орталықтарға өзгертіліп, онда агрессорлармен тиісті жұмыстар жүргізіледі.

«Осы пилоттық жобадағы ең маңызды мәселе ол үйлестіруші органды құру. Бүгінде бала, отбасы, суицид, педофилия мәселелері әртүрлі құрылымдардың қарауында. Бұған қаншама ресурстар, қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Ал, нәтижесінің тиімділігі әлі күнге дейін көрінбейді. Шетелдерде осы мәселелердің барлығымен бір ғана арнайы министрлік құрылып жұмыс істейді. Яғни, жалпы онда қылмыстың азаюына да әсерін тигізіп отыр. Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысынің әкімі Жансейіт Қансейітұлынан арнайы басқарма құруды сұраймыз. Мұның тиімділігін дәлелдей отырып, болашақта елімізден министрлік құрудың іргетасы қаланар еді»,-деді Салтанат Тұрсынбекова.

Пилоттық жоба бүгіннен бастап облыстың Шымкент қаласына қарасты Абай және Сарыағаш аудандарында жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттіке орган қызметшілерінің есебінен құралған топ осы аудандарға шығып, халықпен кездесіп, құқықтарын түсіндіріп, алдын алу шараларымен айналысады. Талқылаудың қорытындылары бойынша отбасылық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша тиісті заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар қарастырылуда. Тұрмыстық зомбылықтан жапа шеккендерге әр ауданда, қала берді шағын ауылдарда әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету қызметтері құрылады. Ол қызметтер тұрғындар үшін тегін әрі қолжетімді болмақ. Жиынды қортындылаған облыс әкімі аталған жобаны жүзеге асыру бағытында құзырлы орган өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар