ОҚО-да өзін ұрлап кетті деп жалған ақпарат таратқан әйел Тараздағы қонақүйден ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында өзін өзі ұрлап кетті деп полицияға хабар берген әйелдің айтқандары жалған болып шықты.
Оны тәртіп сақшылары Тараздағы қонақүйлердің бірінен тауып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кентау қалалық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданған. Ол ұялы телефонына белгісіз біреулер әйелін ұрлап кеткені және оны қайтару үшін 3 млн теңге сұрап хабарлама жібергенін айтыпты. Ақшаны дер кезінде жеткізбеген жағдайда өлтіреміз деп қорқытқан болып шықты. Осыдан кейін тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 126 «Бас бостандығынан заңсыз айыру» және 194 «Бопсалау» баптарымен іс қозғап, жедел іздестіру шараларын жүргізді. Кәсіби ізкесушілерден арнайы топ құрылып, ауыр қылмысты ашуға кірісті. Нәтижесінде ішкі істер қызметкерлері ұрланды деген келіншекті Тараздағы қонақүйлердің бірінен тауып алған. Ол сол жерде өзіне бөлме алып, демалып жатқаны анықталды. Кейіннен белгілі болғандай, ол адам ұрлығын өзі қолдан жасаған болып шықты. Тергеу барысында келіншек жеке басында қарыздары көбейіп кеткен соң осындай әрекетке барғанын айтқан. Түркістан қаласында ол жұртты қаржы пирамидасына қосамын деп алдап ақшаларын алып, бас пайдасына жаратып жүрген. Қарызға белшеден батқан соң, таныстары ақшаларын талап етіпті. Осы берешектен құтылу үшін ол күйеуінен мені ұрлады деп ақша алмақ болыпты.
Қазіргі таңда бұл азаматшаның үстінен Қылмыстық кодекстің 419 бабы 3 бөлігімен «Көрiнеу жалған сөз жеткiзу, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан не пайдакүнемдiк ниетпен жасалған іс-әрекет» бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысы дәлелденсе, ол үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.